Баһаулланың өмірі


Баһаи жазбаларында Құдай Ашылымының келуін жиі Күннің атуымен салыстырады. Құдай елшісінің келуі жаңа күннің басталуына ұқсайды. Бұл кезде Күн Көзінің нұрлары бар нәрсеге жарығын түсіре және түнекте жасырын болғанды көрсете отырып, әлемге өзінің қуатын береді.

Тарихта жіберілген Құдай Пайғамбарларының уақыт тізбегі бойынша ең соңғылары – «Алланның Даңқы» Баһаулланың және Оның Жаршысы Бабтың келуімен адамзат үшін жаңа күн басталды. Көкжиектен атып келе жатқан Күн Көзі ұйқыда жатқан дүниені оятатыны тәрізді осынау Екі Құдай Елшісінің келуі адамзаттың жоғарғы мән мен өмір мақсаты жайындағы ізденісіне жаңа күш дарытты. Сол кездері «жер бетін қара түнек басты» деп есептелгенде, Баһаулла Ілімі адамзат істеріне жарық шашты. Оның ілімі адамзатқа үдемелі түрде таралып бара жатқан ұлы өзгерістердің мағынасын түсінуге және оларды бағыттауға көмектеседі. Бұл өзгерістер үйреншікті нәрселерді ретсіздікке келтірсе де және ең көреген басшылардың өзінде абыржу мен түсініспеушілік тудырса да, олар жаңа өмір үлгілері мен адамзат ұйымының жаңа пішіндеріне жол ашуда.

Адамзат тарихының бұндай қарқынды кезеңінде әлем біздің адам болмысы ретіндегі шынайы табиғатымыз бен, оған қоса, біз өмір сүргіміз келетін дүние жайындағы ортақ көріністі қажет етеді. Баһаилар бұндай көрегендік көзқарас – өмірі мен ілімі қазіргі заманымыздың ең көрнектісі болып табылатын Баһаулла жазбаларында ашылатынына сенеді.

Баһаулла Құдайдан жаңа ашылым алып келді. Оның мұраты адамзаттың рухани оянуы мен әлем халықтарының бірігуі еді. Баһаулла ілімі Баһаи сенімінің негізін құрайды және шексіз үміт пен сауығудың көрінісін паш етеді. Баһаулла: «менің жалғыз ғана ұмтылысым – әлемді жақсарту мен оның халықтарына ынтымақ сыйлау», – деп жазған. Осы бекзат мақсат үшін Ол Өз өмірінде қайғы-қасірет, қамалу, азап пен қуғындалуды бастан кешірді.

Баһаулла 1817 жылдың 12 қарашасында Тегеран қаласында дүниеге келді. Оған берілген есімі Мырза Құсайын Әли. Оның әкесі, Мырза Бұзырқ, Парсы шахының сарайында жоғарғы лауазым иесі еді. Бозбала шағында Баһаулла айналасындағы адамдарды Оның ерекше бала болғандығын растайтын қасиеттерді танытқан еді. Ол мектепке бармағанына қарамастан, туа біткен даналық пен ақыл-санаға ие болды; және есейген сайын Оның ұлылығының белгілері анағұрлым айқын біліне бастады. Өзінің асқан көрегендігі мен мінсіз мінезінің, мәрттігі мен жанашырлығы арқасында Баһаулла кеңінен танымал бола бастады. Баһаулла 18 жасында жары Наввабпен отау құрған соң, олардың шаңырағы баршаға ашық махаббат пен жарқындық мекеніне айналды.

(Иранның солтүстігінде орналасқан Такур қаласындағы Баһаулланың үйі (оң жағында) және оған кіре беріс (сол жағында); Иран үкіметі 1981 жылы оның тас-талқанын шығарды.)

Баһаулланың әкесі қайтыс болып, Оған отбасылық істерді жүргізу және ата-бабасынан қалған иеліктерді басқарумен байланысты кең ауқымды міндеттер артылғанда, Баһаулла 22 жаста болатын. Үкімет Баһауллаға Оның әкесінің министрлік лауазымын ұсынған еді, бірақ Ол бұл беделді дәрежеден бас тартты. Оны жоғарғы шендер мен сый-құрмет қызықтырмады; Ол Өзін мұқтаждар мен жарлыларға қамқор болуға және оларды қорғауға арнады. Мағынасыз әрі билікке қаныққан өмірден бас тарта отырып, Баһаулла Өзінің күш-жігерін қайырымдылық пен қызмет етуге арнауды артық көрді. 1840 жылдардың басында Ол «Кедейлер Әкесі» ретінде танымал болды.

Баһаулла Бабтың дінін қабылдаған кезде, Оның, яғни ақсүйек жігіттің және Оның жанұясының өмірі біржолата өзгерді. Баб 1844 жылы Өзін Құдайдың жаңа үндеу хабаршысы екендігін және барлық діндерде Уәде етілген Пайғамбар келуінің жаршысы екендігін жариялаған Шираз (Парсы елі) қаласынан шыққан жас саудагер еді. Баһаулла мен Баб ешқашанда жеке кездеспеген еді, алайда өзара хат алысып тұрды. Бабтың жолдауын естіген сәттен бастап-ақ, Баһаулла Оның ісіне деген шынайы сенімін жариялап, бар күш-жігері мен ықпалын оның алға өрлеуіне жұмсады.

Баһаулланың қамауға алынуы 1852 жылы Парсы елінде басталған болатын: Бабтың жақтаушысы ретінде Оны тұтқындап, азапқа салды және Сиях-Чаль, яғни «Қара шұңқыр» деген қайғылы атауымен әйгілі болған жер асты зынданына тастады. Дәл осы жерде, сасық, лас әрі қапас түнекте, Баһаулла таңғажайып аянның алғашқы самал лебін сезінді. Оның аяқтары кісенделіп, мойнында 50 килограммдық шынжыр ілініп тұрғанда – сол кезде Тәңірдің Қасиетті Рухы Оған аян түсірген еді.

Бұл оқиғаны Құдай бұрынғы Елшілеріне Өзін жария еткен көне заманның ұлы сәттерімен салыстыруға болады: Мұса Өртенбес Бұтаның алдында тұрған кезі; Бодхи ағашының саясында тұрып, Будда санасының жадырауы; Қасиетті Рух Иса Пайғамбарға көгершін кейпінде келгені, Жәбірейіл періште Мұхаммедтің алдына келуі.

Кейінірек Өзінің еңбектерінде Баһаулла Таңғажайып аянның Оған түскен кезіндегі бастан кешкен күйін суреттеп берген еді:

«Ең Даңқтының самал лебі Мені желпіп өтті де, Маған болған нәрсенің барлығын ұқтырды. Бұның барлығы Менен емес, бұл Ең Құдіретті және Бәрін Білуші, Жалғыз Одан. Ол Маған көк пен жер арасында даусымды шығаруға әмір етті».

«Тегеран абақтысында жатқан күндерде шынжырдың қажаған ауырлығы мен сасық ауасы әзер ұйықтатса да, сол бір сирек көз шырымымды алған сәтте, заңғар таудың шыңынан жерге қарай ақтарыла құйылған алапат су ағысы тәрізді Менің төбемнен кеудеме қарай бір нәрсенің төмен аққанын сездім. Бұдан Менің бар тәнімді жалын басқан тәрізді еді. Осындай сәттерде Менің тілімнен ешбір жанның естуге шамасы жетпейтін сөздер шығатын».

Баһаулланы Қара Шұңқырдан босатқан соң, Ол Өзінің туған жерінен қуылды, бұл айдалу 40 жылға созылып – Оның жер бетіндегі қалған өмірі осылайша өтті. Ол Өзінің Құдай Пайғамбары ретіндегі міндетін 1863 жылы ашық жариялады.<

Баһаулланың қуғындалуы                                 Парсы елі   Осман империясы

Баһаулланың ізбасарларын баһаи деп атай бастады. Оның Өзіне баурайтын тұлғасы мен Оның рухани ілімінің тереңдігіне тартылған ізбасарлар саны өскен сайын, Баһаулланы одан әрі шалғай мекендерге айдай берді. Оны қазіргі Израиль аумағында орналасқан, Осман империясында жер аударушыларға арналған ең сұмдық абақты, көне қала Аккаға қудалауға үкім шығарды. Жиіркенішті климаты мен таза ауыз судың жоқтығынан, оған қоса зиянды жәндіктерге толы бөлмелердің салдарынан Аккадағы өмір – мүмкін болған жазалардың ең қаталы болды. Баһаулла бұл жерге отбасы мүшелері мен ізбасарларынан тұратын 70 адаммен 1868 жылы келіп жетті. Аккада Ол сол заманның патшалары мен билеушілеріне арнап, адамзатты жалпыға ортақ бейбітшілікке алып келетін заңдар мен қағидаларды жариялай отырып, Өзінің айрықша маңызды еңбектерінің кейбірін жазды. Ол былай деп жазды:

«Жер беті – бір ел, ал адамдар – оның азаматтары… Өз отанымды жақсы көремін деп мақтанбаңдар, барлық әлемді жақсы көремін деп мақтаныңдар».

Кейінірек жергілікті басшылар Баһаулланың қамалу шарттарын жұмсартып, өмірінің соңғы 12 жылын Ол Акка маңындағы Бахджиде өткізді. Сол кезеңде Баһаулла 1891 жылы Оның Жаршысы болған Бабтың мәйіті жатқан жерде, яғни Кармель тауының етегінде бірнеше рет болған еді.

1892 жылы аз уақыт ауырған соң, Баһаулла 75 жасында дүние салды. Оның мәйіті өмірінің соңғы жылдарын өткізген Бахджидегі үйінің қасында орналасқан кішігірім ғимаратта жерленді. Өзінің өсиетінде Ол Абдул-Баһаны Өзінің мұрагері және Баһаи сенімінің Басшысы ретінде тағайындауымен – тұңғыш рет тарихта бүкіләлемдік діннің Негізін Салушы Өзінің мұрагерін мызғымас жазбаша мәтінде атап өтті. Мұрагерді таңдау Баһаулла Өсиетінің басты ережесі болып табылады, бұл баһаи қауымдастығына барлық уақытта біртұтас болып қалуға мүмкіндік береді.

(Баһаулланың кесенесі)