Өз Ашқандары алдындағы мақсатына жетуге – бірегей әлем құру, сондай-ақ баһаи қауымының бірлігін сақтауға кепілдік болу үшін Баһаулла Өзінің үлкен ұлы Абдул–Баһаны Өсиет Орталығы етіп тағайындады және Бүкіләлемдік Әділет Үйін құруды өсиет етіп кетті. Өз кезегінде Абдул–Баһа Бүкіләлемдік Әділет Үйі қызметінің қағидаттарын белгілеп, Өзі кеткеннен кейін баһаиларға, Өзі Баһаи Сенімінің Сақтаушысы деп атап кеткен үлкен немересі Шоги Эффендиге жүгінуді нұсқап кетті.
Бүкіләлемдік Әділет Үйі сияқты Сақтаушыға да Баһаи Сенімінің қағидаттарын іс жүзінде қолдану, заңдарын тарату, институттарын қорғау және Баһаи сенімін үнемі даму үстіндегі қоғам талаптарына бейімдеу жүктелген.
Шоги Эффенди 36 жыл бойы адам таң қаларлық көрегендік, кемеңгерлік және берілгендікпен бүкіл адамзат нәсілінің сан түрлілігін көрсете отырып, бірте–бірте өсіп келе жатқан баһаи қауымының жүйелі түрде алға дамуын қамтамасыз етті, бірлігін нығайтты және түсінікті тереңдетіп отырды.
Баһаулла жасап кеткен қауым ісін басқарудың ерекше жүйесі Шоги Эффендидің басшылығымен асқан шапшаңдықпен бүкіл әлемге қанат жайды. Ол баһаи Жазбаларын ағылшын тіліне аударып, Қасиетті Жерде Сенімнің діни және әкімшілік орталығының жобасын жасады; өзінің мыңдаған хаттарында, адамзат бағыт алып бара жатқан болашақтың әсерлі көрінісін ашып, өркениет және әлеуметтік өзгерістер динамикасының діни аспектілерін терең түсінуді ұсынды.
***
«Оның сансыз жетістіктері және басшылық жасауы, қарапайым адамдардың аз ғана тобында, тіпті олардың өзі де бойларында бар деп сенбеген күш пен қабілеттерін оята білген басшылығының сипатына барлығы таң қалды…»
Дэвид Хофман (David Hofman), жазушы және радиожурналист.