Ғибадатхана ішіндегі алғашқы дұға оқудан соң, жексенбілік ашылу рәсіміне қатысушылар Колумбия, Норте-дель-Каукадағы Баһаи Ғибадат Үйінен шығып келеді.
23 шілде 2018
АГУА-АЗУЛ, Колумбия – өткен жексенбі таңсәріде 1000-нан аса адам Колумбияда тұңғыш Баһаи Ғибадат Үйінің көпшілікке ашылуының тарихи сәтін тойлау үшін жиналды.
Ғибадатхананың саясында жиналған қатысушылар орталық ғимараттың ішіне кіруді асыға күтті. Ауа қуаныш пен үміт рухына толы болды. Ғибадатхананың ашылуы Баһаи Сенімі қырық жылдан аса уақыт бұрын тамыр жайған Норте-дель-Каукада Сенімнің дамуындағы жаңа кезеңді белгілейді.
«Біз енді өзіміздің Ғибадат Үйіміздің барын білгеннен сезінетін зор қуанышымызды әрең жеткізе аламыз», – дейді осы сәттің мәні жайында ой толғай отырып, Вилла Рика деген көршілес қаладан келген Кармен Родригес.
Автобустар таңсәріде келіп жетті, қатысушылар рәсім өткізілетін үлкен шатырға қарай бағыт алды. Ашылу презентацияларынан кейін, олар дұға оқу үшін орталық ғимаратқа жылжыды.
«Ғибадат Үйі Норте-дель-Каука үшін ғана емес, күллі аймақ үшін де маңызды орын деп ойлаймын», – дейді Сантандер де Киличао деген көрші қаладан келген Хендер Мартинес. – «Ғибадатхана ішіндегі ауа – бұл мүлде бірегей нәрсе. Сіз тыныштық пен бірлікті сезінесіз».
Көптеген келушілер 2012 жылы Бүкіләлемдік Әділет Үйі Ғибадатхана құрылысын мәлімдегеннен кейінгі айларда оның дизайнын алғаш рет талқылауда қатысқан болатын. «Мен Ғибадат Үйінің салынуына қатысты өткізілген сол ерте қауымдастық кездесулерінде болдым. Оның дизайны жөнінде әр адам өзінің ойы мен тұжырымдамаларын білдіре алды. Қазір біз осы үрдістің нәтижесін көре аламыз», – деп Минго деген жақын маңдағы ауылдан келген Карлос Эвер Месур түсіндірді.
Адамдар орталық ғимараттың ішіне кіру үшін Ғибадатхананың қосалқы ғимараттарының жанынан өтіп барады. Топты салтанатты рәсімдегі Бүкіләлемдік Әділет Үйінің өкілі Кармен Элиза де Садегян бастап келеді. (алдыңғы қатар, оң жақтан)
Жексенбілік ашылу рәсімінде Бүкіләлемдік Әділет Үйінің өкілі Кармен Элиза де Садегян ханым, жергілікті ресми тұлғалар және Ғибадатхана архитекторы сөз сөйледі. Садегян ханым қатысушыларға арналған Бүкіләлемдік Әділет Үйінің хатын оқыды. «Бұл Ғибадат Үйі қазірде – осы аймақтың бекзат тұрғындарына тән сұлулықтың нышаны, ал оның дизайны олардың жерлерінің жомарттылығын көрсетеді», – деп 2018 жылдың 22 шілдесіндегі хатта айтылады.
«Бүгінгі бұл тарихи сәт – үрдістің соңы емес», – деді ашылу рәсімінде сөйлеген Бүкіләлемдік Әділет Үйінің бұрыңғы мүшесі Густаво Корреа мырза. – «Бұл – мақсаты күллі аймақтың материалдық және рухани гүлденуі болып табылатын бастамаға қарай өте маңызды қадам».
Вилла Рика қаласының әкімі Дженни Наир Гомес оның офисіне алғаш рет Ғибадат Үйі жөніндегі идеяның қалайша ұсынылғанын есіне түсіре отырып, тыңдаушыларға жігерлендіретін сөзін арнады. «Біз үшін Норте-дель-Каукада осы Ғибадат Үйінің болуы – зор құрмет», – деді ол. Ол іс-шараға қатысқан төрт әкімнің бірі болды.
Аймақтағы Сенім тарихы жайындағы сөзінде Бүкіләлемдік Әділет Үйінің бұрыңғы мүшесі доктор Фарзам Арбаб былай деді: «Бүгінде біз үздіксіз өрлеудің шамамен жарты ғасырына мұқият қарағанда, аймақтың тұрғындары мен олардың талпыныстарын суреттейтін сөздер ойға келеді: орасан зор рухани қабылдағыштық; өткір рухани ұғыну; интеллектуалдық жетістіктерге деген шынайы құрмет; бір-бірін толықтыратын қуаныш пен азапқа деген зор қабілет; жүректің қарапайым ақкөңілділігі мен жомарттылығы; шектелмеген табандылық; және қарсылық желдері өшіре алмайтын рухтың жарқындылығы».
Музыка мен дәстүрлі билер ашылу рәсімінің орталық қыры болды және мерекенің рухын көрсетті.
«Ғибадат Үйі – біздің тарихымыздың белгісі, күллі аймақ үшін өрлеудің нышаны», – деп бишілер би билеп жатқанда, музыкалық топ ән салды. «Норте-дель-Кауканың жаны» деп аталатын туынды Баһаи Сенімінің аймаққа келуі мен Баһаулла ілімінің қалайша тұрғындардың үміттері мен ұмтылыстарында көрініс тапқаны жайында. Соған қоса топ «La Cumbia del Jardinero» атты әнді орындады.
Ашылу бағдарламасынан кейін Садегян ханым бес топтың біріншісін Ғибадатхана ішіндегі дұға оқу бағдарламасына қарай бастады. Бағдарлама Баһаи жазбаларынан алынған дұғалар мен дәйексөздерден тұрды. Олардың кейбірін хор орындады. Әр топ ашылу рәсіміне қатысушылардың келесі тобына жол бермес бұрын тыныш дұға оқу үшін біраз уақытқа Ғибадатханада қалды.
Жексенбілік оқиға бір айға созылатын мерекелік іс-шаралар кезеңінің ашылымын белгіледі. 1500-дей адам «Менің Баһаи Ғибадат Үйіне бірінші рет келуім» деп аталатын арнайы бағдарлама аясында Ғибадатханаға апта сайынғы келулердің кезеңіне қатысады деп күтілуде. Бағдарлама анағұрлым көп адамдарға Ғибадатхананың тарихи ашылуында қатысуға мүмкіндік бере отырып, жексенбілік ашылу рәсімінің көптеген қырларын қамтитын болады.
Колумбиядағы Ғибадат Үйі Камбоджадағы тағы бір жергілікті Ғибадатхананың қыркүйек айындағы ашылуынан кейін орын алды. Көп ұзамай тағы бес Баһаи Ғибадат Үйлері ашылады. Индия, Кения, Вануату, Конго Демократиялық Республикасы және Папуа Жаңа Гвинеядағы ғибадатханалар келер жылдары өздерінің есіктерін ашады деп күтілуде.