Балалардың тәрбиесі
Ата-аналар және баһаи отбасындағы ересек балалар және жастар ізгі қасиеттерді дамытуға бағытталған қарапайым балалар сыныптарын өткізеді. Әрбір сабақ белгілі бір рухани қасиетке арналған және әр-түрлі ойындар, әндер және сурет салулар арқылы бала әр тақырыптың терең мағынасын және оны өмірде қалай пайдалану керектігін түсінеді. Мұндай сыныптар балалар мінезінің ең керемет жақтарын ашып, жанының түбінде жасырылған асыл күштерін пайдалануға үйретеді.
Балалар сыныбы мұғалімінің әңгімесі
Мен кейде оқып-тоқыған адамдардың іс-әрекеттеріне таң қалатынмын. Тіпті батыстың жоғары оқу орындарында білім алған кейбір адамдар балағат сөздер айтып, ішімдік ішіп, этикаға сай емес іс-әрекеттер мен қылықтар жасап жатады. Осыны көріп мен ойлайтынмын: егер әлеміміз жақсармайтын болса, білім алудың игілігі неде?
Жылдар өтіп жатты. Бір күні оқуда жүрген кезімде мен бір азаматпен таныстым. Ол өзінің көршілестігінде балалар және жасөспірімдер сыныптарын өткізетіндігін айтты. Мен одан мұндай сыныптарды өткізудің мағынасы не деп сұрадым. Ол білімнің екі түрі болатындығын және олар бірінсіз бірі мүмкін еместігін талқылады. Біріншісі – интеллектуалды білім. Ол арқылы біз өзіміздің ой-санамызды жетілдіріп жаңа білімдер ашамыз. Екіншісі – рухани білім, ол арқылы біз өзіміздің рухани қасиеттерімізді дамытамыз. Рухани білім интеллектуалды білім секілді жастық шақтан басталу керек. Осы екі білім арасындағы үйлесімділікке қол жеткізе отырып, адамзат расымен алға жылжиды. Досым осыған қоса қоғамның әділетсіздігіне шағымдана бергенше, оның дамуына өзіндік үлесімізді қосу керек екендігімізді айта кетті.
Бұл әңгіме маған балалар тәрбиесін жаңадан көруге мүмкіндік берді. Расымен де, бала дүниеге келгенде оған көптеген қасиеттер дариды, Дегенімен кішкентай кезіндегі алған тәрбиесіне және қоршаған ортасына байланысты балалардың бойында жақсы да жаман да қасиеттер дамуы мүмкін. Қазіргі таңда, балаларымыз осы өмірде өз орындарын тапса екен деген мақсатпен, біздер олардың тек интеллектуалды дамуына ғана көңіл аударып жатамыз. Бірақ, осының кесірінен біз кейде балаларымыз өздерінің материалдық әл-ауқатын көтеру жолдарында шындық, әділеттілік туралы ұмытып жатырғандарын байқамай қаламыз. Нәтижесінде әлеміміз сол қалпында қалғанын, ал балаларымыз бұдан бақытты бола кетпегендігіне көз жеткіземіз.
Бірақ, егер балаларымыздың өздерінің интеллектуалдық білімін ғана емес, сонымен қатар рухани қасиеттерін дамытатын мүмкіндіктері болса, олар өздерінің ең керемет деген ізгі қасиеттерімен және өздерінің жарықтарымен әлемді нұрландыра алатын жастар болып ер жетеді. Әр адамның жүрегінің қалайтыны осы емес пе?
«Жақсы іс-әрекет және жоғары адами қасиеттер бірінші орында тұру қажет, егер мінез-құлық әлі қалыптаспаған болса, дамып келе жатқан білім тек зиян алып келеді. Игі мінез-құлық және этикалық жүріс-тұрыспен үйлескен білім мақтауға тұрарлық…» Абдул-Баһа
Оқуымды аяқтаған соң, мен бірнеше жұмадан кейін өзімнің балалар сыныбын аштым.
Мұндай сыныптарда әр-бір бала – «баға жетпес асыл-тастарға толы бұлақ», яғни ол бірегей және қайталанбас тұлға. Ұстаздың мақсаты бос тостағанды біліммен толтыру емес, керісінше олардың ішіндегі асыл және бағалы тастарды іздеп тауып, олардың толықтай жарқырай түсуіне мүмкіндік жасау.
Біздің бірінші сабағымыз бірлік туралы болды. Балалар сабақта бірлік туралы ән айтып, әңгіме тыңдады. Кейін ынтымақтастық туралы ойын ойнап, сабағымыз сурет салумен аяқталды. Сыныбымыздың басты элементтерінің бірі – Қасиетті жазбалар мен дұғалардан дәйексөздерді үйрену. Қасиетті жазбалар адамның жүрегіне әсер етіп оны жоғарылата алатын күшке ие. Сонымен қатар, дұға оқу адамның рухани сезімталдығын арттырып, сана-сезімін оятады.
Алғашқы сабағымыздан бастап, мен балалардың жүректері рухани білім мен рухани атмосфераны қалайтынын байқадым. Олар сыныпқа үлкен қызығушылықпен келеді. Әсіресе, оларға әңгімелер тыңдаған, дұға оқыған және әр түрлі қызықты ойындар ойнаған ұнайды. Әрбір тақырыпқа байланысты олар өздерінде болған оқиғаларымен рахаттанып бөліседі. Уақыт өте келе, мен балалардың алғашқы жұмаларға қарағанда салыстырмалы түрде жауапкершіліктері молайып, тәуелсіз бола бастағандарын байқадым. Оның үстіне олар әр нәрсеге ренжіп, өздерінің еркеліктерін көрсетуді азайта бастап, керісінше өзара ұйымшыл бола бастады. Балалардың әр-қилы таланттарын да байқадым: бірі әдемі ән салады, бірі мәнерлеп тақпақ оқиды, бірі тамақ дайындағанды ұнатады, бірі сахна көріністеріне қатысқанды ұнатса, тағы бірі сурет салғанды жақсы көреді. Мен тек балалардың рухани қасиеттерін дамытуға үлес тигізіп қана қоймай, өзімнің де рухани қасиеттерімді дамытуға құлшынудамын.
Ақерке, 24 жас