Баһаулланың ашылымы

Әлемдік діндер Негізін Салушыларының ілімдері адамзатты әдебиет, сәулет, өнер және музыка салаларындағы таң қалдырарлық жетістіктерге шабыттандырды. Олар ойлау қабілеттерін өркендетіп, ғылым мен білімді дамытуға деген талпыныстарды тәрбиеледі. Олардың адамгершілік қағидалары адами қарым-қатынастарды асқақтататын және оларды реттейтін  жалпыхалықтық заңдар жиынтығында көрініс тапты. Олардың арасында Кришна, Мұса, Зороастр, Будда, Иса, Мұхаммед, Баб пен Баһаулла бар. Тарихта осы Тұлғалардың көптеген халықтарда сүю, кешірім жасау, соқыр нанымдарды жеңу, ортақ игілік үшін құрбандық жасау және адамның төмеңгі табиғат нәпсілерін ұстап тұру қабілеттерін қалайша оятқандары туралы мысалдар баршылық. Бұл жетістіктерді күллі адамзат нәсілінің ортақ рухани мұрасы деп санауға болады.

Адамзатты ғасырдан-ғасырға бағыттап келген, Құдай шабыттандырған адамгершілік ұстаздары тізбегіндегі соңғысы ретінде Баһаулла адамзат баласының қазіргі таңда көптен күткен толысып-жетілу кезеңіне – әлеуметтік ұйымның әлемдік деңгейіндегі бірлікке жеткенін жариялады. Ол адамзат бірлігіне көрегендік қарайды, дін мен ғылымның үйлесімділігіне негізделген және заманауи мәселелерді шешуге тікелей бағытталған  адамгершілік құрылымдар мен қағидаларды береді. Ол адамның әлеуметтік дамуындағы келесі сатысына жол көрсетеді. Ол әлем халықтарына ақиқаттың ғылыми ұғымымен сәйкес келетін ортақтастыратын көрегендік көзқарас ұсынады. Ол бізге өзіміздің ортақ адами табиғатымызды мойындауға, өзімізді бір жанұяның мүшесі ретінде санауға, жекешелену мен соқыр нанымды артқа тастап, бірігуге шақырады. Осылайша, барлық халықтар мен әлеуметтік топтар өздерінің болашақтарын және, ақыр аяғында, әділ әрі тату-тәтті жаҺандық өркениетті құрудың жақтастары бола алады.

(«Біртұтас таралып жатқан дін мен адамзат нәсілінің толысып-жетілу шағына енуі жайлы ойлар» атты фильмнен үзінді.)

Баһаулланың ізбасарлары Оның Жазбаларын біртұтас жиынтық ретінде Құдай Ашылымы деп қарастырады. Олар Баһаи сенімінің негізін құрайды. Қуғын-сүргіндегі ұзақ жылдарда ашқан Баһаулланың жазбалары 100-ден аса томды құрайды. Төменде осынау орасан зор мұхиттан алынған үзінділердің кейбірі берілген:

Байырғы мәңгілік жайлы білім қақпалары адамдардың көз алдында әрдайым жабық болды және бола береді де. Адам түсінігі ешқашан Оның киелі мекеніне бойлай алмайды. Алайда Өзінің рақымы мен ізгілігінің дәлелі ретінде Ол адамдарға Өзінің Таңғажайып Жетекшілігінің Күндізгі Шам-Шырақтарын, Өзінің Таңғажайып бірлігінің нышандарын жіберіп, осы киелі Жаратылыстардың білімі Өзінің біліміне тең деп тағайындады.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Осы пәк, таза Айналар… әрқайсысы және барлығы – ғаламның басты Шам-Шырағы, оның Мәні және ақырғы Мақсаты болып табылатын Оның жердегі көріністері. Одан олардың білімі мен билігі таралады, Одан олардың үстемдігі тарайды.

Кітаб-и-Иган

Қателеспейтін жетекшіліктің жарығына ерген және жоғарғы үстемдікке оранған Олар Өздерінің шабыт сыйлайтын сөздерімен, Өздерінің сарқылмас берекелерінің ағыстарымен және Өздерінің Ашылымының киелі самал лептерімен әрбір қиналған жүректі және қабылдағыш рухты осы жердің уайымдары мен шектеулерінің топырағы әрі баянсыздығынан тазарту үшін жіберілген.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Бұл – өткенде мәңгі, келешекте мәңгі боп қалатын өзгермейтін Құдай Сенімі.

Кітаб-и-Ағдас

Бәрін Білуші Емгер адамзат тынысына өз денін қойды. Ол сырқатты танып, Өзінің күмәнсіз даналығымен ем-дауа жазып тағайындайды. Әр ғасырдың өзіндік мәселесі болады, әр жанның ерекше талпынысы болады. Қазіргі кездегі әлемнің бақытсыздығына қажет ем келесі ғасырдың талап ететін еміне ұқсамайды. Өздерің өмір сүріп жатқан ғасырдың мұқтаждықтары жайында терең ойланыңдар және өздеріңнің ойларыңды оның қажеттіліктері мен талаптарына бағыттаңдар.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Бұл – Құдайдың ең жоғарғы рақымының адамдарға төгілген Күні, Оның ең ұлы игілігі жаратылыстың барлығын толтырған Күні. Жер бетіндегі халықтардың барлығы алауыздықтарын ретке келтіріп, кәміл жетілген бірлік пен бейбітшілікте Оның қамқоры мен рақымы Ағашының саясында болуы керек.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Күллі әлемнің сауығуының асқақ емі және құдіретті құралы ретінде Билеуші Ие оның халықтарының бір ғаламдық Істе, бір ортақ Сенімде бірігуін тағайындады.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Сендер – бір ағаштың жемістерісіңдер, бір бұтақтың жапырақтарысыңдар. Бір-біріңе асқан сүйіспеншілік пен келісімділік, жылы шырай мен жолдастық рухында қараңдар. Ақиқаттың Күндізгі Шам-Шырағы болып табылатын Ол – Маған куә. Бірлік жарығының құдіреттілігі соншалық –  тіпті күллі жер бетін нұрландыра алады.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер

Жер беті – бір ел, ал адамдар – оның азаматтары.

Баһаулланың Шарғылары, Лаух-и-Мақсұт

Шынайылылық пен адалдыққа бөленгендер барлық халықтар және тайпалармен қуанышты әрі  жылы шырайменен араласуы керек, себебі адамдармен қатынасу әрдайым бірлік пен ынтымақты қолдаған және қолдай береді, ал бұл, өз кезегінде, әлемдегі тәртіпті сақтау мен халықтардың қайта жандануына ықпалын тигізеді.

Баһаулланың Шарғылары, Таразат

Көздеріңді жатсынуға жабыңдар да, содан кейін көз-қарастарыңды бірлікке қарай бағыттаңдар. Күллі адамзаттың тыныштығы мен әл-ауқатына алып келетін нәрселерден мықтап ұстаныңдар.

Баһаулланың Шарғылары, Кәлимат-и-Фирдаусийи

Ол өзіне тілемегенді өзгелерге де тілемеуі тиіс және орындай алмайтын заттарға уәде бермеуі тиіс.

Кітаб-и-Иган

Адамға құндылығы баға жетпес асыл тастарға толы кен ретінде қараңдар. Тек білім беру ғана оның бойындағы байлықты алып шыға алады және оны адамзаттың пайдасына жаратуға мүмкіндік береді.

Баһаулланың Шарғылары, Лаух-и-Мақсұт

Білім адам өмірінде қанатқа және оның асқақтауы үшін баспалдаққа ұқсайды. Барлығы бұған жетуге міндетті.

Баһаулланың Шарғылары, Таджаллийат

Молшылықта жомарт, бақытсыздықта риза бол. Жақыныңның сеніміне лайықты бол және оған жарқын әрі мейірбанды жүзбен қара. Кедейге қазына, байға ақылшы, мұқтаждың өтінішіне жауап, кепілдігіңнің киелілігін сақтаушы бол. Пікіріңде әділ, сөзіңде қырағы бол. Әр адамға әділдік таныт және қандай да болмасын адамға ізетпен қара. Түнекте келе жатқандар үшін шамдай бол, қайғы-мұңға берілгендер үшін қуаныш, шөлдегендер үшін бұлақ, қалы мүшкілдер үшін баспана, қанаушылық құрбандары үшін қолдаушысы әрі қорғаушысы бол. Сенің әр ісіңді тазалық пен әділдік ерекшелейтін болсын. Жиһанкез үшін пана, азапталғандар үшін ем, босқындар үшін берік қамал бол. Соқырлар үшін көз, адасқандар үшін жол көрсетуші жарық нұр бол. Ақиқат жүзі үшін әшекей, адалдық маңдайы үшін тәж, әділдік кесенесі үшін бағана, адамзат тәні үшін өмір лебі, әділеттілік әскерінің жалауы, ізгі әрекеттер көгіндегі шам, адам жүрегінің топырағы үшін ылғал, білім мұхитындағы кеме, мейірімділік көгіндегі күн, даналық тәжіндегі лағыл тас, ұрпағыңның көгіндегі жарқын шырақ, бой ұсынушылық ағашындағы жеміс бол.

Баһаулла Жазбаларынан алынған түйірлер