Жаңарған дін

Адамзатты мыңжылдықтар бойы бағыттап келе жатқан ұлы діни жүйелерді, іс жүзінде,  адамзаттың ұжымдық дамуының бір кезеңнен екінші кезеңге өтуінде ашыла отырып, ғасырдан-ғасырға жаңаратын, жайылатын біртұтас дін деп қарастыруға болады. Дін – бұл ғылыммен қоса өркениетті тарихи үдерісте ілгерілететін тәжірибе мен білім жүйесі.

Қазіргі кезде дін өткен дәуірдегідей бола алмайды. Заманауи әлемде дін болып саналатын көптеген нәрселерді, баһаилардың айтуынша, Баһаулла пайымдаған негізгі ақиқаттар төңірегінде қарастырған жөн, бұл ақиқаттар: Құдай бірлігі, дін бірлігі және адамзат бірлігі.

«Мұқият қарашы, осы болмыс әлемінде күллі нәрсе жаңаруды қажет етеді. Өзіңді қоршаған материалдық әлемге көз тасташы, сен онда болып жатқан ұлы өзгерісті байқайсың. Ойлар өзгерді, өмір салты өзгерді, ғылым мен өнер гүлденіп жатыр, жаңа өнертабыстар мен ашылулар пайда болды, зеректік өткірленді. Дәл осындай кезде адамзаттың ұлы табыстарының кепілі, мәңгі өмірге жетудің тура жолы, шексіз жетілудің қайнар көзі, қос әлемнің жарығы болып табылатын дін сияқты осындай өміршең маңызды күштің жаңаруы мүмкін емес пе?!»

Абдул-Баһа, Абдул-Баһа Жазбаларынан таңдамалы үзінділер, 49б

Баһаулла мызғымас үлгі орнатты: егер дін бөлінудің, шеттетудің немесе алауыздықтың – одан бетер зорлық пен лаңкестіктің – себебі бола бастаса, одан бас тартқан артық. Шынайы дін өзінің жемістері арқылы танылады. Дін айқын әрі анық түрде адамзатты асқақтатуы керек, бірлікке жағдай жасап, жақсы мінезді тәрбиелеуі керек, ақиқатты іздеуге көмектесіп, адам санасын босатуы тиіс, әлеуметтік әділеттікті ілгерілетіп, әлемді жақсартуға жәрдемдесуі қажет. Шынайы дін әр алуан әрі күрделі әлеуметтік жүйелердегі жеке тұлғалар, қауымдастықтар мен қоғамдық институттардың өзара үйлесімді қарым-қатынастары үшін адамгершілік негізді қамтамасыз етеді. Ол әділ мінезді тәрбиелейді, төзімділікке, мейірімділікке, кешірімділікке, кеңпейілділікке және асқақ мұраттарға баулиды. Ол өзгелерге зиян келтіруге тыйым салады және жандарды басқалардың игілігі үшін күш-жігерін салуға шақырады. Ол күллі әлемді қамтитын мүддеге бөлейді, жүректерді өзімшілдік пен жалған сенімнен тазартады. Ол жүректерді барша адамзаттың материалдық және рухани әл-ауқатына ұмтылуға, өз бақытын басқалардың берекесі арқылы көруге, ғылым мен білімді ілгерілетуге, шынайы қуаныш пен шаттықтың құралы болуға және күллі адамзатты жандандыруға шабыттандырады.

Дін шындықтың жалғыз екенін мойындайды, сол себептен ол ғылыммен үйлесімде болуы керек. Егер ғылым мен дін бір-бірін өзара толықтырушы деп қарастырса, олар адамға шындық жайында жаңа әрі керемет түсініктерге бойлауға және оны қоршаған әлемді құруға ең күшті құрал береді де, сөйтіп әр жүйе басқасына белгілі бір дәрежедегі ықпалынан пайдасын көреді. Егер ғылым діннің көзқарасымен санаспаса, онда ол догмалық материализмнің алдында осал болады. Ғылымсыз дін наным-сенімдер және өткенге соқыр еліктеудің құрбанына айналады. Баһаи Жазбаларында былай делінген:

«Өздеріңнің сенімдеріңді ғылыммен үйлестіріңдер. Қарама-қайшылықтарға орын жоқ, себебі ақиқат – бір. Ырымшылдықтан, дәстүр мен надан догмалардан босаған дін ғылыммен келіссе, әлемде бүкіл соғыстар, алауыздықтар, ұрыс-керістер мен қақтығыстарды жоятын біріктіруші әрі тазартушы күш пайда болады. Сонда адамзат Құдай Махаббатының күшімен бірігеді».

Абдул-Баһа, Париждегі сұхбат, 99 б

Шынайы дін адам жүрегін түрлендіруге, қоғамның өзгеруіне үлес қосуы тиіс. Ол адамзаттың шынайы табиғаты жайында және өркениетті алға дамытатын қағидалар жайлы түсінік береді.  Адамзат тарихының осындай қиын-қыстау сәтінде адамзаттың бірлігі біздің уақытымыздың негізгі рухани қағидасы болып табылады. Осы қарапайым тұжырымдама терең ақиқатқа нұсқайды, егер бұл ақиқат ашылса, ол қандай да болмасын нәсілдің немесе ұлттың артықшылығы жайындағы бұрынғы түсініктердің күллісінің дәрменсіздігін айқындайды. Бұл, қаншалықты маңызды болса да, өзара құрмет пен әлемнің әр түрлі ұлттарының арасындағы ізгі әрі ерікті сезімдерге шақыруға қарағанда, анағұрлым зор. Егер оның логикалық қорытындысына қарасақ, бұл ақиқат қоғам құрылымының өзіндегі және оны ұстап тұрған өзара қарым-қатынастардағы органикалық өзгерістерді білдіреді.